18
April
2018
Қыздың тәрбиесі
Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу
«Шығады асыл тастан, өнер жастан,
Тәрбие тәуір болса әуел бастан».
М.Дулатов
«Адам ұрпағымен мың жасайды», - дейді халқымыз. Бала – өміріміздің жалғасы, қоғамның арқа сүйер тірегі. Бәлкім сондықтан болар, ұлы бабаларымыз жас ұрпақ тәрбиесіне үлкен көңіл бөлген. Әсіресе қазақ халқы қыз бала бойындағы қасиеттерге, олардың тәрбиесіне қай кезде болмасын сонау ерте заманда да өте байыппен, ақылдылықпен қараған. Қыз баланы бүкіл ауыл, ағайын-туыс болып тәрбиелеген. Осыдан барып «Халықты тану үшін қызын көр», «Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі», «Қыз - өмір гүлі» т.б. мақалдардың шығуы соның айғағы.Қазақ қыздарының адамгершілігі, ерлігі, инабаттылығы, адалдығы жөнінде аз жырланған жоқ. Қыз Жібек, Баян, Еңліктер, міне, осының дәлелі.
Кейде бір ұшқары пікірлер «Кеңес дәуірінде ғана қазақ қыздары, әйелдері бас бостандығын алды» деп айтады. Бұл - қате пікір. Өткенге үңіліп бір қарайықшы. Бала тәрбиесінде қазақ халқына ғана тән, басқа ұлтта жоқ бұлжымас қағида бар. Үлкенді сыйлау, алдынан кесе көлденең өтпеу, ата-анасын жасы келгенде бағып, қарау тек біздің ұлтта ғана десем артық айтқандық болмас еді.
Ал қыздарын алақандарына салып аялап олардың киім-киісіне, сыртқы сымбатына өте сын көзбен қарап үлкен мән берген. Қыз бала бойжеткен соң оған шолпы тағып қоюдың өзінде бір үлкен мән бар. Шолпы таққан қыз бала бойын тік ұстап, адымдап жүрмей әсем, кербез басуға үйренеді екен. Халқымыз «Қыз - жат жұрттық» деп ұлдан көрі қызға үлкен құрметпен қараған. Осының айғағы ел ішінде Домалақ-ана, Мұрын-ана, Жәнбике, Қарқабат-ана, Айша бибі сияқты елді ауызына қаратқан әулие аналарымыздың шығуы қыздарын еркін ұстап, келін, ана болғанда да ерлермен тең дәрежеде ұстағанының дәлелі емес пе.
Қай кезеңде болмасын, қандай қиыншылық болмасын қазақ қыздары бойларындағы асыл қасиеттерін жоғалтпаған. Кешегі Ұлы Отан соғысында да «Алып анадан туады» деген аталы сөзді дәлелдеген қаршадай Әлия мен Мәншүктің қаһармандық ерлігінің өзі неге тұрады. Желтоқсан кезіндегі ел намысы үшін, егеменді ел болуы үшін, жанын құрбан еткен Ләззат пен Сабираның ерлігіне қалайша тәнті болмасқа. Міне мұның бәрі сол тәрбиеге қазақ халқының ата дәстүріне келіп тіреледі.
Бүгінгі қызғалдақтай қыздарымыз ертеңгі – ана. Осыған орай мектеп ұжымы қыз бала тәрбиесіне байланысты жоспарлы да, жүйелі жұмыс жүргізуде. Жыл сайын дәстүрлі түрде «Күз аруы», «Көктем аруы» сайыстары өтіп тұрады.